Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен.
«Ескерт! Өйткені ескерту мүміндерге пайда береді». (Зарият, 55)
✅ ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯҒА АЙНАЛУЫ ТИІС ҰРАН
Құрметті оқырман, Алаш қайраткерлерінің өмірбаяндарын оқығанда «алғашқы білімді ауыл молласынан алды» деп келетін елеусіз ғана мәліметті талай рет көзіңіз шалған шығар. Солай болған. Адам әуелі діни тәрбие алуы керек. Алаштың арыстарына бала кездерінде иманның, ұят-аят, ар, кісіліктің әліппесін үйреткен, көбінің аты белгісіз қарапайым ауыл моллалары еді.
Білім деген не? Жай ғана информация. Ол информация бір халықта көп, бір халықта аз. Ал адамның кәмелеті оның өзі игерген информацияның көлемінде емес - иманында кісілік салттарында. Білім - алмас қылыш болса, рухани кәмелеті толмаған адам - бала. Ес білмейтін баланың қолына қылпыған қылышты ұстатсаңыз - содан кейін не болатынын көресіз.
Тарихты зерделеңіз. Жамандықта міні жоқ имансыз қауымдардың заңсыз егемендік алып, сиқырлы білімге қол жеткізіп, адамды мыңдап-миллиондап қыратын құдіретті қаруды меңгеріп, кенеусіз айуандықтың жолына түскенін, ақыр соңында адамзатқа ұлы апат, қасірет әкелгенін көресіз. Әрине, бүкіл әлем озық технологияларды меңгеріп жатқанда, қазақ ұлының бұдан шет қалатын жөні жоқ. Біздің айтпағымыз, иман білімнен озып отыруы керек. Кеңестік оқу жүйесінің кемшілігі осы ма деп те ойлайсың. Алайда, жаңа қоғамды құрушылар дінді мемлекеттен аластады. Дін енді ешқашанда мектепке жолай алмас еді, тәрбие ісіне араласа алмас еді.
Міне, осылайша тек қана білім беретін кеңестік мектеп қалыптасты. «Коммунистік саналылық» деп аталатын басты рухани қағиданың қызуы өткен ғасырдың 60-жылдарына дейін ғана жеткен шығар.
...Мектеп оқулықтарының бірінші бетінде тұратын «Кел, балалар, оқылық» деген өлеңнің бірінші жолы алынған.
Бір Аллаға сыйынып,
Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге,
Ықыласпен тоқылық.
Алғашында Ыбырай атамыздың қаламынан осылай болып шыққан екен бұл өлең. Яғни, әуелі Аллаға сыйынып, иманға бас ұрып алайық, содан соң өнер жинаудың жолына түсейік деген сөз. Бұл ұлттық идеологияға айналуға тиіс ұран еді.
© Жазушы, драматург, күйші Таласбек Әсемқұлов.